ӨҢІРДЕ ӨНДІРІС САЛАСЫ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ


Бүгінгі таңда өңірімізде өндірісті дамыту, зауыттар ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының Қытай Халық Республикасына барған іссапарының нәтижесінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен бірнеше зауыт-фабрикалар іске қосылды. Солардың бірі — «Turkistan» индустриялық аймағындағы «Golden Camel» түйе сүтін өндіретін зауыт. Зауыт жұмысымен танысқан өңір басшысы оны әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастағаны көпшілік көңіліне қуаныш ұялатты. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ұлттық сусын соңғы процеске дейін өңделіп шығарылады.

Облыс әкімі бұдан өзге «Turkistan» индустриалды аймағында салынған Brownfield 1 және Brownfield 2 өндірістік ғимараттарындағы жиһаз және шұлық цехтары жұмысы барысымен танысты. «Туран — Мебель» ЖШС бастамашы болған жиһаз цехінің жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрап, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Айта кетейік, заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цехтің күніне 600 комплект жиһаз шығармақ. Осы тұрғыда аталған цех облыстағы «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан мектептерді, облысымыздағы бала-бақшаларды, ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтамасыз ете алады. Ал, бастамашы «Казахстан 2023 — Китай» ЖШС болған шұлық цехінің жалпы құны 1,0 млрд. теңгені құрап, 30-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Цехтің қуаттылығы күніне 32 000 жұп шұлық шығаруға жетеді. Сонымен қатар, күніне 500 костюм шығаруға қауқарлы жоба аясында нарық бағасынан екі есе арзан, халыққа қолжетімді өнімдер шығару жоспарлануда.
Сондай-ақ, өңір басшысының қатысуымен «Turan» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге. Жаңадан 32-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылады деп жоспарланған. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кеткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *